Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың реформаларын құқықтық қамтамасыз ету: Egemen Qazaqstan газетіне ел Президенті берген сұхбаты аясында» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары – Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы мен Парламентаризм институты ұйымдастырды.
Жоғарыда аталған іс-шараның барысында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформаларын заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Бүгінгі дөңгелек үстел маңызды мәселеге – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен құқықтық реформаларды іс жүзінде іске асыруға арналған. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ел Президентінің тезистері заң шығару процесінің негізі болуға тиіс», - деді Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов.
ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов: «Президенттік орталық ашық диалог алаңы болып табылады, оның аясында отандық және шетелдік сарапшыларда Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінің басқа да өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндігі бар».
Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы С.Р. Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. А. Әбенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Г. Т. Сарыбаев, ғалым-заңгерлер, талдау орталықтарының өкілдері және сарапшылар қатысты.